Ақсу қаласындағы тұтынушылардың жекеменшік желілеріндегі жылу шығындары үшін ақы есептеу:

жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар

 «Теплосервис-Аксу» КМК жылу шығындарын есептеу және нақтылау жұмыстарының жүргізілуіне байланысты тұтынушылардан көптеген сұрақтар келіп түсуде.

Жағдайды нақтылау және ең өзекті сұрақтарға жауап беру мақсатында кәсіпорын мамандары егжей-тегжейлі түсініктемелер дайындады.

 

  1. Жылу шығындары дегеніміз не және олар неліктен пайда болады?

Жауап: Жылу шығындары – бұл жылу желілері арқылы тасымалдау кезінде таралатын жылу энергиясының мөлшері (өндірілген және тұтынушыға жеткен энергия арасындағы айырмашылық). Құбырлардың оқшаулау сапасы жақсы болғанымен, жылудың бір бөлігі қоршаған ортаға (жер астына төселген кезде топырақ арқылы немесе жер үстінде ауа арқылы) таралады. Желі ұзындығы қаншалықты ұзын және диаметрі үлкен болса, таралатын жылу көлемі де соншалықты көп болады.

 

  1. Жеке желілердегі жылу шығыны үшін ақы алу заңды ма және бұл қандай заңнамалық актілерге негізделген?

Жауап: Иә, тұтынушылардың баланстық тиісілігі мен пайдалану жауапкершілігіндегі желі учаскелеріндегі жылу шығыны үшін ақыны есептеу және белгілеу толығымен заңды болып табылады. Бұл рәсім Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Жылу энергиясын пайдалану қағидаларымен қатаң реттеледі.

Нормативтік-құқықтық базада бұл мәселе қағидалардың мынадай ережелерімен айқындалған:

  • ЖЭПҚ-ның 33-тармағы: Жылу энергиясын жіберуді есепке алу, егер шартта өзгеше көзделмесе, жылу желілерінің баланстық тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасындағы жылу энергиясының шығысын есепке алу нүктесінде жүргізіледі.

Жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспабын жылу желісінің баланстық тиесілігі шекарасында орнатпаған кезде жылу желісінің баланстық тиесілігі шекарасынан жылу энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату орнына дейінгі учаскедегі жылу энергиясының ысырабы шарт негізінде жылу желісінің көрсетілген учаскесі балансында тұрған иесіне жатқызылады.

  • ЖЭПҚ-ның 34-тармағы: Жылумен жабдықтау субъектісі ысырапты Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес есептік жолмен айқындайды және тұтынушыға сұрау салу бойынша береді. Жылумен жабдықтау субъектісі шарт бойынша жылу трассасының диаметрі мен ұзындығының сәйкессіздігі анықталған кезде біржақты тәртіппен өзгерістер енгізеді.

Жылу ысыраптарын сынауды тұтынушы жылу желілеріне қосылатын жылумен жабдықтау субъектісі тұтынушының не оның өкілінің қатысуымен, тұтынушының талабы бойынша сараптама ұйымының қатысуымен жүргізеді.

 

  1. Бұл есептеулерді жүргізу қажеттілігі неліктен дәл қазір туындады?

Жауап: 2025 жылғы 1 шілдеге дейін жеке желілердегі жылу шығынынан туындаған шығындарды «Қазхром» АҚ басқа қызмет түрлерінен түскен табысты қайта бөлу арқылы өтеп келді.

Бұл функциялар «Теплосервис-Ақсу» КМК-ға берілгеннен кейін, мұндай шығындарды жабудың нақты тетігі белгіленбеді. Қолданыстағы тариф жеке желілердегі жылу шығынына байланысты шығындарды жаппайды, ал кәсіпорынның бұл шығындарды өз бетінше көтеруге мүмкіндігі жоқ.

 

  1. Бұл есептеулер кімдерге қатысты және олар қандай мерзімдерде енгізіледі?

Жауап: Баланстық тиесілікті және пайдалану жауапкершілігін бөлу актілеріне сәйкес өздерінің жылу желілері бар бюджеттік ұйымдар, өзге де заңды тұлғалар және жеке тұрғын үйлердің иелері есептеуге ілінеді.

Ақы есептеу мен төлемдерді есептеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі (2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша) және тұрақты сипатқа ие:

  • 1-кезең (тамыз): бюджеттік ұйымдар;
  • 2-кезең (қыркүйек): өзге де заңды тұлғалар;
  • 3-кезең (қазан): жеке тұлғалар (жеке тұрғын үйлердің иелері).
  •  
  1. Есептеулердің өзі қаншалықты негізді және ашық? Сандар «аспаннан алынған жоқ па»?

Жауап: Барлық есептеулер толығымен ашық түрде және қатаң нормативтерге сәйкес орындалады. Негіздеме ретінде ҚР Энергетика министрінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 580 бұйрығымен бекітілген «Желілердегі жылу шығындарын анықтаудың әдістемелік көрсеткіштері» (44-қосымша) қолданылады.

Есептеу кезінде барлық маңызды параметрлер ескеріледі: құбырдың диаметрі мен ұзындығы, төсеу түрі (жер үсті немесе жер асты), сондай-ақ жылу тасымалдағыш пен қоршаған ортаның температуралық режимдері.

Сонымен қатар, тұтынушылардың жеке желілеріндегі жылу шығындарын есептеу «ЭНЭКО» ЖШС тәуелсіз сараптама ұйымымен ресми түрде келісілді.

 

  1. Егер азаматтар мен ұйымдардың желі параметрлері бойынша сұрақтары немесе келіспеушіліктері туындаса, қайда жүгіне алады?

Жауап: Егер сіз келісімшарттағы жылу трассасының диаметрі немесе ұзындығы сәйкес келмегенін анықтасаңыз, жылумен жабдықтау субъектісі түзетулер енгізеді. Мәліметтерді нақтылау үшін «Теплосервис-Аксу» КМК тікелей хабарласуға болады.

Айта кетейік, кәсіпорын есептеулерді жүргізу рәсімі туралы барлық қадағалау, аумақтық және атқарушы органдарды алдын ала хабардар етті: Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау Комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті, Ұлттық экономика Министрлігі табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Павлодар облысы бойынша Департаменті, Павлодар облысының энергетика және ТҮКШ басқармасы, қала прокуратурасы, әкім аппараты, туризм және кәсіпкерлік бөлімі, «Әділет» партиясы, Кәсіпкерлер палатасы және басқа да құрылымдар.

Есептеулердің барысы туралы ақпарат пен түсіндірмелер Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунттарда және «Ақжол» мен «Новый путь» қалалық газеттерінің беттерінде жүйелі түрде жарияланып тұрады.

 

 

 

«Теплосервис-Аксу» КМК