Қазақстан Үкіметі экономиканың өсуін ынталандыру үшін резервтен 91,5 млрд. теңге бөледі – Қ. Бишімбаев

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Үкімет отырысы барысында 2016-2017 жылдары экономикалық өсуді ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы баяндады.

«Экономиканың өсуіне жылдам әсер ету үшін ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Үкіметтің арнайы резерві есебінен ішкі сұранысты ынталандыруға 91,5 млрд. теңге бағытталатын болады», - деп айтты Қ. Бишімбаев.

Бұл қаражаттың 30 млрд. теңгесі облыстарға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің ағымдағы жөндеуіне және ауылдар мен аудандық маңызы бар қалаларды абаттандыруға жұмсалып, шамамен 24 млрд. теңге ЖТҚ учаскелеріне инфрақұрылым жүргізуге және 1 млрд. теңгеден астамы бизнес жобаларға, 20 млрд. теңге ауылдарды кең жолақты Интернет желісімен қамтамасыз етуге бағытталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар резервтен алынатын қаражат Астана қаласының әуежайын кеңейтуге және Құрық портындағы паром кешенінің құрылысын жеделдетуге, сондай-ақ, «Күрті – Бурылбайтал» автомобиль жолының құрылысын ЕҚҚБ-мен қоса қаржыландыруға бағытталатын болады.

Министр, өнім шығарудың қысқаруы байқалып отырған экономика салаларында өндіріс көлемінің өсуін қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын хабарлады. Көмір өндіруді ұлғайту үшін ағымдағы жылдың соңына дейін энергия объектілерінде отынның нормативтік қорларын құруды бақылау күшейтілетін болады. 2016 жылы «ССКБӨБ» АҚ-ның темір кені шикізатын Қытай мен Ресейге жеткізуді 6,4 млн. тоннадан 6,7 тоннаға дейін ұлғайту бойынша шаралар қабылданатын болады.

Қ. Бишімбаев: «Өңдеу өнеркәсібінде өсуді ынталандыру үшін магистральдық теміржол желісі және электр энергиясы қызметтеріне уақытша төмендету коэффициентін, жеңілдікті шарттармен айналым капиталын, лизингтік қаржыландыруды және экспорттық/экспорттау алдындағы кредиттеуді ұсыну жөніндегі, сондай-ақ сыртқы сауданы реттеу шаралары қабылданатын болады», - деп айтты.

Ағымдағы жылғы маусымның соңына дейін өңірлердің әкімдері отандық кәсіпорындардың толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ШОБ-ты қолдау және жұмыспен қамтуды сақтау бойынша тиісті қосымша шаралар қабылдайтын болады.

Министрдің деректері бойынша қазіргі уақытта «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысына бөлінген 70,3 млрд. теңге көлеміндегі қаражат уақытша босап отыр.

«Тұрғын үй құрылысына бөлінген уақытша бос қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында 2017 жылғы шілдеге дейін қайтарумен, жоғарыда аталған 70,3 млрд. теңге мен 85,0 млрд. теңге сомасындағы БЖЗҚ-ның қолжетімді қаражатын араластыру жолымен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы өңдеу өнеркәсібінің айналым капиталын қаржыландыруға, экспорттау алдындағы және экспорттық кредиттеуге бағытталатын болады» - деп хабарлады Бишімбаев.

Кәсіпорындар үшін болжанып отырған түпкілікті мөлшерлеме субсидиялауды ескергенде 7,75 %-ды құрайды, бұл өндіріс көлемінің төмендеуіне жол бермеуге және өңдеу өнеркәсібінде жұмыспен қамтуды сақтауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, бюджетті нақтылау кезінде 144,5 млрд теңге «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуге, 2016 – 2017 жылдары экономиканың өсуіне мультипликативтік әсер ететін агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу өнеркәсібінің жобаларын қаржыландыруға бағытталатын болады.