Сенат 2016 жылға әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамы және Ұлттық қордан 2016–2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Заңға өзгерістер қабылдады

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев елдің 2016 жылға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің нақтыланған болжамы мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016 – 2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» Заң жобасын ұсынды.
Министр, ЖІӨ өсуі мен экономика салалары дамуының 2015 жылғы алдын ала есептік деректерін, бір АҚШ долларының есеп айырысу бағамының 300 теңгеден 360 теңгеге дейін өзгеруін, әлемдік тауар нарықтарындағы ағымдағы үрдістер кезінде 2016 жылы мұнай бағасының бір баррелі 30 АҚШ доллары деңгейінде болжанып, металдар бағасының 2015 жылғы деңгейіге қатысты 15,0%-ға төмендегенін ескере отырып, нақтыланғанын атап өтті.
Жедел деректер бойынша 2015 жылы ЖІӨ-нің өсуі өткен жылғы қарашадағы нақтыланған көрсеткіш деңгейінде сақталып, 1,2% құрады. Нақтыланған бағалау бойынша номиналды ЖІӨ 41 381,4 млрд теңгені құрды.
«Мұнай мен металл бағалары бойынша жаңартылған сценарийлік шарттарды, сондай-ақ экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша жоспарланып отырған дағдарысқа қарсы қосымша жедел шараларды ескере отырып, 2016 жылы ЖІӨ-нің өсуі 0,5%-ды құрайды, бұл бұрын бекітілген көрсеткіштен 1,6 пайыздық тармаққа төмен» - деп Ерболат Досаев түсіндірді.
2016 жылы номиналды ЖІӨ 44 166,5 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр, бұл 2015 жылғы қарашада мақұлданған көрсеткішке қатысты 1 364,0 млрд. теңгеге аз.
Доллардың теңгеге қатысты бағамын қайта есептеуге байланысты жан басына шаққандағы ЖІӨ 2016 жылы 6,9 мың АҚШ доллары деңгейінде бағаланады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсуі 2016 жылы 3,5% деңгейінде болжанады.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндірістің 5,0%-ға және өндеудің 1,4%-ға қысқаруына байланысты 2016 жылы өнеркәсіп 2,0%-ға төмендейді.
2016 жылы мұнай өндіру көлемі 74,0 млн. тоннаны құрайды.
Ұлттық банктің болжамы бойынша 2016 жылы инфляция бұрын бекітілген дәлізге сәйкес 6,0-8,0% деңгейінде болады.
Инфляция 2015 жылғы қаңтардағы 7,5% қарағанда жылдық мәнде 14,4% құрады. Азық-түлік емес тауарларының бағасы 23,8%-ға, азық-түлік тауарларының бағасы – 11,6%-ға, ақылы көрсетілетін қызметтер бағасы 8,6%-ға өсті.
Нақтыланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде 2016 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері қайта қаралды.
ЖІӨ өсімінің болжамын ескере отырып 2016 жылы республикалық бюджет кірістері 3 365,3 млрд.теңге көлемінде бағаланып отыр, бұл бекітілген жоспардан 300,0 млрд.теңгеге төмен.
Салықтың негізгі толық түспеуі халықаралық саудаға салынатын және сыртқы операцияларға салынатын салықтар бойынша күтіліп отыр, оның ішінде ағымдағы жылғы 1 наурыздан бастап құбылмалы шәкілге өтумен және мұнай бағасы баррелліне 30 доллар кезінде ЭКБ мөлшерлемесін тоннасына 40 доллардан 20 долларға дейін төмендеуімен, сондай-ақ мұнай өндіру көлемінің болжамын 77 млн. тоннадан 74 млн. тоннаға дейін төмендетумен байланысты, мұнайдың ЭКБ бойынша 206,5 млрд. теңге.
Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес 2016 жылға арналған республикалық бюджет түсімдерінде Ұлттық қордан 807,5 млрд. теңге сомасында нысаналы трансферт ескерілген, оның ішінде 240,5 млрд. теңге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысын ынталандыруға және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуге қосымша бағытталатын болады.
2015 жылғы 179,2 млрд. теңге сомасында бос қалдықтарды тартуды ескере отырып, бюджет тапшылығының 723,4 млрд. теңгеден 902,7 млрд. теңгеге дейін немесе ЖІӨ-ге қатысты 1,6%-дан 2,0%-ға дейін ұлғаюы болжанып отыр.
Жалпы алғанда республикалық бюджет шығыстары 2016 жылы 8 266,8 млрд. теңге көлемінде болжанады, бұл бекітілген көлемнен 600,2 млрд. теңгеге артық.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016 – 2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» Заң жобасында 2016 жылға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін түзету көзделген» - деп Ерболат Досаев түсіндірді.
АҚШ долларының 360 теңгемен есептелу бағамы ескеріле отырып, 2016 жылға арналған кепілдендірілген трансферт мөлшері 2 880 млрд. теңге сомасында белгіленді.
«2016 жылға белгіленген кепілдендірілген трансферттің мөлшері Ұлттық қордағы төмендемейтін қаражат қалдығы бойынша шарттың орындалуын ЖІӨ-нің болжамды мәнінен 30 % мөлшерінде қамтамасыз етеді»-деп Ұлттық экономика министрі қоса айтты.