2016 жылғы қаңтардағы қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 98,5%-ды құрды

Экономикалық сектор

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2016 жылғы қаңтарда 2015 жылғы қаңтарға қарағанда 98,5% құрды. Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-ң 67-68%-н құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.

2016 жылғы қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 262,8 млрд. теңгені құрды, бұл 2015 жылғы қаңтарға қарағанда 2,5% артық.

2016 жылғы қаңтарда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 1281,2 млрд. теңгені құрды, бұл 2015 жылғы қаңтарға қарағанда 0,7% азайды. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,4% артты. Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 1,4%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 0,6%, сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда 5,5% төмендеді.

2016 жылғы қаңтарда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 145,1 млрд. теңгені құрап, 2015 жылғы қаңтарға қарағанда 1,9% артты.

2016 жылғы қаңтарда «Көлік» саласы бойынша нақты көлем индексі 104%-ды құрды.

2016 жылғы қаңтарда жүк айналымының көлемі 40,2 млрд. ткм (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемінің бағалауы есебімен) құрап, 2015 жылғы қаңтармен салыстырғанда 1,3% кеміді. Жолаушылар айналымының көлемі 20,6 млрд. жкм құрап, 1,5% артты.

2016 жылғы қаңтарда «Байланыс» саласы бойынша нақты көлем индексі 96,2%-ды құрды.

2016 жылғы қаңтарда «Сауда» саласы бойынша нақты көлем индексі 91,3%-ды құрды.

2016 жылғы қаңтарда бөлшек сауда көлемі 492,8 млрд. теңгені құрады немесе 2015 жылғы қаңтармен салыстырғанда 92,7% (салыстырмалы бағада).

2016 жылғы қаңтарда көтерме сауда көлемі 1037,6 млрд. теңгені құрады немесе 2015 жылғы қаңтармен салыстырғанда 91% (салыстырмалы бағада).

2015 жылғы қаңтар-желтоқсанда сыртқы сауда айналымы 75911,6 млн. АҚШ долларын құрап, 2014 жылғы каңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 37,1% төмендеді, оның ішінде экспорт – 45725,6 млн. АҚШ долларын (42,5% аз), импорт – 30186 млн. АҚШ долларын құрады (26,9% аз).

2016 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша тіркелген заңды тұлғалардың саны 362051 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,2% артты, оның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері бар – 352903 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 223416-ті құрады, оның ішінде 214608 бірлік шағын кәсіпорындар (100 адамнан кем).

Тұтыну бағасының индексі 2016 жылғы қаңтарда 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 101,3% құрады. Азық-түлік тауарларға бағалар – 1,8%, азық-түлік емес тауарларына – 0,9%, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтерге – 1,2%-ға өсті. Өнеркәсіп өнімдеріне өндіруші кәсіпорындар бағасы 2016 жылғы қаңтарда 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,9% төмендеді.

Әлеуметтік сектор

2015 жылғы желтоқсанда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары бағалау бойынша 76472 теңгені құрады, бұл 2014 жылғы желтоқсанға қарағанда 4,7% жоғары, ал нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 7,8% төмендеді.

2016 жылғы қаңтарда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы бағалау бойынша 126996 теңгені құрады.

2016 жылғы қаңтарда жұмыссыздар саны бағалау бойынша 457,6 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына 5,1% құрады. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2016 жылғы қаңтардың соңына 66,3 мың адамды құрады немесе экономикалық белсенді халық санына 0,7%.