Астана қаласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жаңалықтар талқыланды

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жаңалықтар, ТКШ қызметтерін, көлік және медицина қызметтерін көрсету мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов, Жоғарғы сот, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, орталық мемлекеттік органдардың, мәслихаттардың және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарының, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Республикалық адвокаттар алқасының, Қазақстандық медиация орталығының өкілдері қатысты.

Тимур Жақсылықов жаңа Заң тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін құруға және қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған тетіктерді жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Бір мәселе бойынша оннан астам тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда, оларға сотқа жүгіну құқықтарын беру бөлігінде мемлекеттік органдардың құқықтары кеңейтілді. Заңда тауарларды сатуға, кері қайтаруға және айырбастауға қойылатын талаптар жетілдірілді.

«Жаңалықтардағы басты қағидаттардың бірі бұл жасалатын шарттың қарапайым және кез келген адамға түсінікті болуы, шарт оларды түсіну үшін арнайы білімді қажет етпейтін, нақты тұжырымдалған болуы тиіс деп», - хабарлады Әлиақпар Мәтішев

Куәлардың айғақтарынан және фискалдық чектен басқа тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың маңызды құралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарды сатып алу фактісін растау үшін фото- және бейнетүсірілімді қолдану құқығы болып табылады.

Сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде «Электр энергетикасы туралы» Заңға түзетулер енгізілді, оған сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушыға пайдаланылған электр энергиясына ақы төлеу бойынша берешегі болған кезде жылу энергиясын және керісінше жылу энергиясына ақы төлеу бойынша берешегі болған кезде электр энергиясын беруді тоқтатуға құқығы жоқ. Тұтынушыларды жаңылыстыруды болдырмау мақсатында «Жарнама туралы» Заңда мемлекеттік құрылыс нормалары мен қағидаларында көзделген тұрғын үй ғимараттарының жобалау құжаттамасы мен жіктемесіне сәйкес келмейтін құрылысы жүріп жатқан, сондай-ақ алғаш рет пайдалануға енгізілген тұрғын үйді (тұрғын үй ғимаратын) жарнамалауға тыйым салу белгіленді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі туралы жылдық есеп береді.

Осы іс-шарамен бейнеконференция байланысы арқылы Қазақстан Республикасының барлық өңірлері қамтылды.