2016 жылғы қаңтар-наурыздағы қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 99,1%-ды құрды

Экономикалық сектор

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2016 жылғы қаңтар-сәуірде 2015 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 99,1% құрды. Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-ң 67-68%-н құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1681,7 млрд. теңгені құрды, бұл 2015 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 14,9% артық.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 5469,1 млрд. теңгені құрды, бұл 2015 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 1,4% азайды. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,4% артты. Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 2,7%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 0,8%, сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда 5,8% төмендеді.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 444,2 млрд. теңгені құрап, 2015 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 2,6% артты.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде «Көлік» саласы бойынша нақты көлем индексі 104,1%-ды құрды.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде жүк айналымының көлемі 157,6 млрд. ткм (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемінің бағалауы есебімен) құрап, 2015 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 0,5% артты. Жолаушылар айналымының көлемі 81,2 млрд. жкм құрап, 1,4% артты.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде «Байланыс» саласы бойынша нақты көлем индексі 95,5%-ды құрды.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде «Сауда» саласы бойынша нақты көлем индексі 94,1%-ды құрды.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде бөлшек сауда көлемі 2095,9 млрд. теңгені немесе 2015 жылдың тиісті кезең деңгейімен салыстырғанда 97,7% құрады (салыстырмалы бағада).

2016 жылғы қаңтар-сәуірде көтерме сауда көлемі 4618 млрд. теңгені немесе 2015 жылдың тиісті кезең деңгейімен салыстырғанда 92,3% құрады (салыстырмалы бағада).

2016 жылғы қаңтар-наурызда сыртқы сауда айналымы 13477,3 млн. АҚШ долларын құрап, 2015 жылғы каңтар-наурызбен салыстырғанда 30% төмендеді, соның ішінде экспорт – 8311,4 млн. АҚШ долларын (30,9% аз), импорт – 5165,9 млн. АҚШ долларын құрады (28,4% аз).

2016 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша тіркелген заңды тұлғалардың саны 368452 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,2% артты, оның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері бар – 359345 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 227672 құрады, оның ішінде 218934 бірлік шағын кәсіпорындар (100 адамнан кем).

Тұтыну бағасының индексі 2016 жылғы сәуірде 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 103,6% құрады. Азық-түлік тауарларға бағалар – 3,9%, азық-түлік емес тауарларына және халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтерге – 3,5%-дан өсті. Өнеркәсіп өнімдеріне өндіруші кәсіпорындар бағасы 2016 жылғы сәуірде 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,3% жоғарылады.

Әлеуметтік сектор

2016 жылғы наурызда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары бағалау бойынша 71890 теңгені құрады, бұл 2015 жылғы наурызға қарағанда 16,7% жоғары, ал нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 0,9% өсті.

2016 жылғы сәуірде бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы бағалау бойынша 136956 теңгені құрады.

2016 жылғы сәуірде жұмыссыздар саны бағалау бойынша 439,3 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына 4,9% құрады. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2016 жылғы сәуірдің соңына 74,7 мың адамды құрады немесе экономикалық белсенді халық санына 0,8%.