Мәжіліс бірінші оқылымда актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысы барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Министр, Заң жобасын қабылдау бизнеске деген қысымды азайтуға, әкімшілік тоқсауылдар санын қысқартуға, мемлекеттік органдарды артық функциялардан арылтуға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік беретінін атап айтты.

Заң жобаның мақсаты - оның тұжырымдамасына сәйкес көрсетілген рұқсат беру құжаттарын қысқарту және оларды беру тәртібін жеңілдету болып табылады.

Заң жобасында:

- 39 рұқсаттың күшін жою, яғни заңнамадан, сондай-ақ реттеуші мемлекеттік органдар құзыретінен рұқсат беру құжаттарын беру жөніндегі функцияларды алып тастау көзделген.

- 18 рұқсатты хабарлама жасау тәртібіне ауыстыру, яғни кәсіпкерге қызметті бастағанға дейін реттеуші мемлекеттік органға қажетті ақпаратты көрсете отырып, хабарлама жіберсе жеткілікті болады.

- 95 рұқсат беру рәсімін оңтайландыру – «бір терезе» қағидаты бойынша, яғни рұқсат берген кезде кәсіпкердің құжатар жинау мен дайындауға барынша аз қатысуын және оның мемлекеттік органдармен тікелей байланыстарын шектеуді көздейтін рұқсат құжатын орталықтандырылған түрде беру көзделген.

Қойылған міндеттерді орындау үшін Рұқсат беру құжаттары (рәсімдері) мен хабарламаларды түгендеу жөніндегі сараптама тобы рұқсат беру жүйесіне түгендеу жүргізді, аталған топқа реттеуші мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіреді.

Заңда көзделген рұқсаттардың жалпы саны 481 рұқсат пен лицензияланатын қызмет түрлерінің 227 кіші түрін құрайды.

Сонымен бірге, тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделері теңгерімінің бұзылуын болдырмау үшін заң жобасымен қысқартылатын әрбір рұқсат құжатын Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия жеке-жеке қарап, мақұлдады. Парламент Мәжілісінің депутаттары да аталған комиссияның мүшелері болып табылады.

Ерболат Досаев, тиімді және сараланған нәтижеге қол жеткізу мақсатында қайталанатын және артық рұқсаттарды алып тастау, рұқсаттарды хабарлама жасау тәртібіне ауыстыру, оларды алу үшін талаптарды қайта қарау сияқты тұжырымдамалық тәсілдер пайдаланылғанын айтты.

Адам денсаулығы мен өміріне, экологияға, ұлттық қауіпсіздікке, сондай-ақ халықаралық келісімдердің бұзылуына тікелей қауіп төнуіне жол бермеу мақсатында, Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мынаны мақұлдады:

ü аса қауіпті қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған 52 рұқсат қысқартуға жатпайды ;

ü сондай-ақ, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері шеңберінде регламенттелетін 41 рұқсат беру құжаты да қысқартуға жатпайды .

Рұқсаттар санын қысқарту мемлекеттік кірістердің қысқаруына әкеледі. Бұл қысқартуға жататын 11 рұқсат құжатын берудің ақылы негізде көрсетілуіне байланысты.

Осыған байланысты заң жобасы Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралды және оң шешімге ие болды.

Заң жобасында «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңда көзделген рұқсат беру құжаттарын қысқарту болжанғандықтан, сондай-ақ бірқатар рұқсат беру құжаттары бюджетке мемлекеттік алым төлеуді көздейтінін ескере отырып, салалық заңдардың ережелеріне тиісті түзетулер енгізіледі, атап айтқанда, 7 кодекс пен 30 Заңға өзгерістер мен толықтырулар көзделген.