Жекешелендірудің 2016 – 2020 жылдарға арналған
кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Жекешелендірудің 2016 – 2020 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – Кешенді жоспар);
2) Кешенді жоспарды іске асырудың нысаналы индикаторлары бекітілсін.
2. Теңгерімдік құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен асатын, басым тәртіппен бәсекелес ортаға беруге жататын мемлекеттік ұйымдар және ұлттық басқарушы холдингтердің және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың еншілес, тәуелді ұйымдары (бұдан әрі – ірі ұйымдар) бойынша:
1) 1-қосымшаға сәйкес басым тәртіппен жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ірі ұйымдардың тізбесі бекітілсін;
2) жергілікті атқарушы органдар 2-қосымшаға сәйкес басым тәртіппен бәсекелес ортаға беруге жататын коммуналдық меншіктегі ірі ұйымдардың тізбесін бекітсін;
3) ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға 3-қосымшаға сәйкес басым тәртіппен бәсекелес ортаға беруге жататын ұлттық басқарушы холдингтердің және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың еншілес, тәуелді ірі ұйымдарының тізбесін бекіту ұсынылсын.
3. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына:
1) осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын еншілес, тәуелді ұйымдардың тізбесін бекіту;
2) қажет болған жағдайда, стратегиялық инвесторларды тарту мақсатында 3 және 4-қосымшаларда көзделген заңды тұлғалардың акциялар пакеттерін/қатысу үлестерін бөлшектеуді жүзеге асыру;
3) қажет болған жағдайда, экономикалық орындылығы мақсатында 4-қосымшада көрсетілген заңды тұлғаларды сауда-саттық жүргізбей, қайта ұйымдастыру немесе тарату ұсынылсын.
4. Жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдар, бәсекелес ортаға беруге жататын коммуналдық меншіктегі ұйымдар, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың еншілес, тәуелді ұйымдары бойынша:
1) 5-қосымшаға сәйкес жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдардың тізбесі бекітілсін;
2) жергілікті атқарушы органдар 6-қосымшаға сәйкес бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізбесін бекітсін;
3) «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға 7-қосымшаға сәйкес бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың еншілес, тәуелді ұйымдарының тізбесін бекіту ұсынылсын.
5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Өткізу жоспарланып отырған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін қалыптастыру қағидаларына сәйкес 2 және 6-қосымшаларда көзделген объектілер мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына енгізілген жағдайда, жергілікті атқарушы органдар көрсетілген объектілерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысанында өткізе алады деп айқындалсын.
6. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар (келісім бойынша), сондай-ақ Кешенді жоспарды орындауға жауапты мүдделі ұйымдар:
1) Кешенді жоспарды іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) жыл сайын, жартыжылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша (10 шілдеге және 10 қаңтарға қарай) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Кешенді жоспардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі жыл сайын жартыжылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша (25 қаңтарға және 25 шілдеге қарай) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беруді қамтамасыз етсін.
8. 8-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
9. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Ә. Сағынтаевқа жүктелсін.
10. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов