Сенат мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы Заң жобасын қабылдады

Бүгін ҚР Парламент Сенатының пленарлық отырысы барысында ҚР Ұлттық экономика Бірінші вице-министрі Марат Құсайынов «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заң жобасын және ілеспе заң жобасын ұсынды. Бірінші вице-министр, заң жобалары халықаралық тәжірибелерді ескере отырып Қазақстандағы МЖӘ институтының жүйелі дамуын құқықтық қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заң жобасы және ілеспе заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылға дейінгі Жаңа бюджеттік саясат концепциясы шеңберіндегі тапсырмасын және «100 қадам» Ұлт жоспарының 34-қадамын іске асыру үшін әзірленген.

Марат Құсайынов, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заң жобасы:

1) Қазіргі кезде концессияда қолданылатын әлеуметтік инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерімен қатар, МЖӘ экономиканың барлық салаларында дамытуды болжайды. Жеке объектілерді Президенттің тиісті жарлығымен МЖӘ жобасын іске асыру мақсатында беруге тыйым салынатынын;

2) Өмірлік цикл, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрылымдық жұмыстық, сервистік және өзге де келісімшарттарды енгізу есебінен әріптестіктің келісімшарттық нысандарын кеңейтетінін;

3) Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік және жеке әріптес арасында бірлескен кәсіпорын құруды болжайтын институционалдық әріптестікті іске асыру механизмдері айқындалғанын;

4) Заң жобасы инвестициялық құрамдас бөлікті, мемлекеттік қолдау шараларын және дауларды шешу мәселелерін қоса алғанда мемлекет пен бизнестің өзара қатынастарының барлық аспектілерін біріктіретін әріптестік шартының құрылымын айқындайтынын;

5) Тікелей келіссөздер жолымен (жеке қаржылық бастама) әріптестік шартын жасасу және әріптестіктің шағын нысандары бойынша жеңілдетілген рәсімдер бойынша конкурс өткізу сияқты жеке әріптесті айқындаудың жаңа механизмдерін енгізу болжанып отырғанын;

7) Концессияларда қолданылған, заңнамамен көзделген мемлекеттік бюджеттен төлемдер мен мемлекеттік қолдау шаралары барлық әріптестік жобаларына да қолданылатын болатынын атады.

ҚР Ұлттық экономика Бірінші вице-министрі Марат Құсайынов: «Аталған шаралар қоғамдық маңыздылығы зор инфрақұрылымның және игіліктердің дамуы үшін мемлекет пен жеке сектор кооперациясының кеңеюіне ықпал етеді»,-деп айтты.