ҚР Үкіметінің 2015 жылға арналған Бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспары мақұлданды

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов селекторлық режимде ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді, оның барысында ҚР Үкіметінің 2015 жылға арналған Бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспары қаралып, мақұлданды.

«Жоспар Мемлекет басшысының ү.ж. 5 мамырында берген тапсырмаларын есепке ала отырып әзірленген. Мүдделі мемлекеттік органдармен, Ұлттық банкпен және ұлттық холдингтермен бірге іс-шараларды және орындалу мерзімін нақтылау тұрғысынан Іс-қимылдар жоспарының сәйкес бөлімдері жете пысықталды», - деді құжат жобасын таныстырған ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Ведомство басшысының мәліметінше, Жоспар екі бөлім бойынша 214 тармақты жүзеге асыруды қамтиды. Бірінші бөлім – бес институционалдық реформа, екіншісі – қазіргі экономикалық саясаттың басымдықтары.

«Бес институционалдық реформа бойынша іс-шаралар Мемлекет басшысының «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет» атты 100 нақты қадамын жүзеге асыру бойынша тапсырмасына толық сәйкес жасалды», - деді ол.

Жоспардың 1 бөлімінің іс-шаралары бойынша жасалған ұсыныстардың барлығы экономиканы жаңғырту бойынша Ұлттық комиссияның қарауына енгізіліп, Заңдардың және нормативтік-құқықтық актілердің қарастырылған жобаларын ағымдағы жылдың маусым-тамызында мемлекеттік органдар әзірлейді, деп түйіндеді Е.Досаев.


Дерек көзі: ҚР Премьер-министрінің Баспасөз-қызметі