Мәжіліс ЕЭК жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімді ратификациялады

Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысы барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын ұсынды. Өзінің баяндамасында Осы заң жобасы трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау бойынша өкілеттіктерді Еуразиялық экономикалық комиссияға беру бөлігінде «Еуразиялық экономикалық одақ туралы» Шарт нормаларының толық көлемде күшіне енуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заң жобасы Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 15 шешіміне және «Қазақстан Республикасының халқаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңының 11 және 13-баптарына сәйкес әзірленді.

Министрдің айтуынша Құпия ақпарат туралы келісімнің нормалары бәсекелестік қағидаларының бұзылғаны туралы өтініштерді (материалдарды) қарау, бәсекелестік қағидаларын бұзушылықтарына тергеу жүргізу, бәсекелестік қағидаларының бұзылғаны туралы істерді қарау, сондай-ақ бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылауды іске асырумен байланысты өзге рәсімдік іс-қимылдарды орындау шеңберінде құпия ақпаратқа рұқсаты бар Комиссия қызметкерлеріне қолданылады.

Келісімде құпия ақпаратты жария еткені үшін жауапкершілік көзделіп отыр. Комиссияның қызметкерлері иммунитеттен айрылған кейін мынадай жауапкершілікке тартылады:

- Азаматтық-құқықтық жауапкершілікке – тұрғылықты жері бойынша;

- Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке – азаматтығы бойынша.

Осы заң жобасын қабылдау:

1) трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау бойынша өкілеттіктерді Еуразиялық экономикалық комиссияға беру бөлігінде «Еуразиялық экономикалық одақ туралы» Шарт нормаларының толық көлемде күшіне енуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің бірқатар Шешімдерін іске асыруға;

2) Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратпен алмасу тәртібін ретке келтіруге және оны жария еткені үшін жауапкершілікті белгілеуге мүмкіндік береді.